Жамбылдың ұстазы еді Майкөт ақын - Ж - Ұлы заман Тұлғалары - Скачать Рефераты, слайды, тесты - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Файлы » Ұлы заман Тұлғалары » Ж

Жамбылдың ұстазы еді Майкөт ақын
[ · Скачать удаленно (48.5Kb) ] 07.11.2012, 23:12
ЖАМБЫЛДЫҢ ҰСТАЗЫ ЕДІ МАЙКӨТ АҚЫН

Сыманова Г.Қ 10 - сынып оқушысы
Жамбыл облыстық ерекше дарынды балаларға арналған
«Дарын» мектеп-интернаты.

Ғасыр мен ғасыр беттесіп, уақыт теңізінің алып толқындары жалын желбіретіп аспанға шапшығанда, тереңде қалған жақұт жырлар да жарға жабысып, жаңа дүние жағалауына шығатыны болады. Тіршілік тауқыметінен қашып, қарттыққа бой алдыра бастаған, балалық, жастық, жігіттік дәуреннің отты өлеңдері, жалынды жырлары сол өткен ғасырдың тереңіне шөге бастаған шағында қайта жаңғыратын, жасаратын ақындар болады. Адам баласы қатарында мұндай құдіретке, мұндай қасиетке жүз жыл бойына тынбай шындық деп соққан, шындық деп жырлаған ұлы жүрек иесі ғана лайық. Жүз жыл жасап, жүз жыл жырлау құдай мен халықтың сүйген кісісінің ғана қолынан келмек. Ал жүз жыл жасап, жүз жыл бойы шындықты жырлау мәңгілікпен бірдей құбылыс. Көзінің тірісінде-ақ «Өлең сөздің пірі», «Поэзия алыбы», «Алатау сынды ақсақал», «Жыр күмбезі», ал 90-нан асқан жасында «XXI ғасырдың Гомері» атанған, ұлы Абайдың құрдасы Жамбыл – халық ауыз әдебиетінің қайнар көзі.
Шу өңірінде дүниеге келген ақын оқу оқып, білім ала алмаса да, өзінің суырыпсалма ақындық өнерге икемді екенін жасынан-ақ танытқан. Жамбылдың ата-тегінде не ақын, не әнші болмаған. Шешесі Ұлданның нағашысы даңқты қобызшы болыпты.
Сөз мәйегіне уызынан жарыған бала шәкірт ауыл молдасының дүбәра оқуын місе тұтпайды. Есейіп, сөз өнерін қууға ниет ете бастаған бала молда алдындағы қорлықты қазақ поэзиясында бірінші рет өлеңмен суреттейді.
Шып-шып етіп молданың,
Қолындағы тобылғы
Қозғалтпайды жонымды
Талай дүре соғылды
Торсылдатып танадай
Жыртар болды тонымды.
Немесе:
Оқымаймын молдадан
Не оқытпақшы ол маған
Бала келсе сабаққа
Жем дәметкен дорбадан, - деп дүмше молдадан безгенін мектеп қабырғасынан-ақ біздер ризалық сезіммен оқыдық десем артық болмас. Ал болашақ жыр дүлдүлінің ұстазы кім болған?
Жамбылдың поэзия жолында үлгі алған ұстазы – Сүйінбай ақын деп жүрміз. Сүйінбай жырлары ел басшыларына жағынбай, шындықты айта білуімен, өткірлігімен, тапқырлығымен ұнаған және халық арасында кең тараған. Жасынан сөз өнеріне жетік, шыншыл, бірбет Жамбылдың алғашқы өлеңдерін Сүйінбай мақұлдап, оған бата берген. «Өлеңді тыңдаушының көкейінен кетпейтіндей етіп айт. Сенің өлеңдерің жеке адамдардың емес бүкіл халқымыздың игілігіне айналатын болсын. Көмеймен емес, жүрекпен жырла. Әрқашан әділ сөйлеп, адал бол», - дейді үлкен ақын жас шәкіртіне.
«Поэзия алыбы», «Алатау сынды ақсақалымыздың» шығармашылығын зерделей қарасақ, Жамбылдың ақындық, жыраулық тұлғасының қалыптасуына есімі жыр жұлдыздары шоғыры арасында Түбек, Құлыншақ, Бақтыбай, Майлықожамен қатар аталатын Майкөт Сандыбайұлының септігінің тигеніне көз жеткізу қиын емес. Мен Жамбыл Жабаев шығармаларының екі томдық жинағынан Жамбыл мен Майкөт ақынның дидарласуын зерделеп оқып шықтым. Бұл дидарласу «Айтыстар» бөліміне енгізілген.Оны оқи отырып мен Майкөт ақын жайлы тереңірек білуге тырыстым.
Көптеген айтыстарда тұрмыстық жай, әдет-ғұрып, жол-жоралғылар сөз бола отырып, әлеуметтік мәселелерге барып тіреледі. Уақыт көшінде көңілдің рухани көкжиегін кеңітетін Жамбылдың Құлмамбетпен айтысы қазақ әдебиетінде біршама кең зерттеліп, бағасын алды деп айта аламыз. Ал менің бүгінгі тоқталмағым Жамбылдың Майкөтпен дидарласуы. Жамбылдың Құлмамбетпен қағысы әлеуметтік мәселелерге түзілсе, Майкөт ақынмен дидарласуы сыпайы сөздермен өрілген.
Майкөт Жаныс руынан, Әулиеата маңында тұрған. 1825 жылы жыр елімен көркемдік құбылыстың тайқазанында біте қайнасқан құнарлы Қаратау топырағында дүниеге келген. Ол кез ән-күйін әспеттеп, қаһармандық пен сұлулықтан сыр тартып, жанартаудай лапылдаған жырға құлақ құрышын қандырған көшпелілер ұрпағы әлі де ішкен асын жерге қойып, өнер десе өре түреген заман еді. Майкөт Сандыбайұлы Сыпыра жырау, Асанқайғы мен Бұқар жырау дәстүрі мен жаңашылдығын жандантып, бұйығылана бастаған рауан рухты қайта оятып, поэзияның ыстық демінің көкіректегі қоламта шоғын үрледі. Майкөт Майлықожа, Құлыншақ, Түбек, Мәделіқожа, Бұдабай, Бақтыбай және басқа жыр тарландарымен айтысып, ақындық биігін шыңдады. Оның Бөлтірікпен сөз қағысуында "Сен түгіл Сүйінбай мен Бақтыбайдың бәпігін Майкөт ағаң басқан, бала” деуіне қарағанда, жасы екі мүшелдей үлкен Сүйінбай Аронұлымен айтысқандағы жыр шоқпарын сүйсінбеу оқу мүмкін емес. Олай болса, Майкөттің жас Жамбылмен сөз қағысқаны, қағысқанда да жыр топанындай төпелетіп, тығырыққа тіреген де болар деп қаласыз. Бірақ "Қазақ кеңесі анықтамасында” айтылғандай, Майкөт Сандыбайұлы Жамбыл Жабаевпен ұстаспаған. Ал оның тарих санасында "Жамбылдың Майкөтпен дидарласуы ” деп аңыздай есіп, жаңғырып тұрғаны хақ.. 1891 жылы Шапырашты Сарыбай асына келген Майкөт ақын Жамбылға ағалық назын білдіріп, парасат-пайым танытып, "кәрі досына” неге сәлем бермеді деп өкпесін білдіреді.
Алыстан кәсіп айдап, Майкөт келді
Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпейді
Сағынып бала қаздай зорға жеттім,
Саңлағын Жетісудың көргім келді, - деген суырыпсалма сыры өз турасында көп жайды аңғартатындай. Өкінішке орай, өткен ғасырдың басында көз жұмса да, бізге жыр тарланы – Майкөттің бар өмірі жөнінде жеткен мәліметтер тақұл-тұқыл, тым аз, сақталған аз ғана еңбектері оның ақындық та, азаматтық та тұлғасын тұтас ашып бере алмайды. Кенен Әзірбаев өткізген "Жетісудың игі жақсыларымен жүздесуі”, Ғылым академиясы қорындағы Ж.Жантөбетов, Қ.Байболұлы мен Ф.Ғабитова нұсқаларындағы "Құлмамбет пен Майкөттің айтысы” және "Жамбылдың Майкөтпен дидарласуы” жыраулық құдірет қуатын байқатқанымен, толық тануға әлі жеткіліксіз. Тіпті М.Мағауин мен М.Байділдаев құрастырған "Қобыз сарынында”, одан кейін "Бес ғасыр жырлайды”, соңғы "Ай, заман-ай, заман-айда” Майкөт ақынға орын тимегені қисынсыз. Майлықожа, Құлыншақ, Құлмамбетпен қатар аталатын Жамбыл ұстазының бес ғасыр шешіресіндей жинақтан шет қақпай болуы қалай? Бұл жағдай бүгінгі күні тараздық ғалымдарды толғандырып, олардың тарапынан зерттеле бастауы қуанарлық жәйт.
Ал осы дидиарласу қалай өтті дегенге келетін болсақ, 1890 жылы "Дала уалаяты” газетінде жазылғандай, Алатау аймағының атақты биі Сарыбай Айдосұлы қайтыс болады да, 1891 жылы Майтөбе жайлауында ас болатындығы айтылады. Уағдалы хабарланған уақытта Майтөбеде Үлкенсаз жайлауында Екейдің беделді адамы Сарыбайға ас беріледі. Бұған көрші қырғыз елі, бір жағы Шымкент, Әулиеата, бір жағы Жоңғар Алатауындағы Найман, Жалайыр, төрдегі Албан жұрты шақырылады. Жиынның иесі Сүйінбай болады да, ал Жәпек батырдың ұрпағы Қосай Әжібаев асты басқарады. Осы асқа отыз кісімен Майкөт ақын келеді:
Болғанда жерде сұңқар, көкте сұңқар,
Өлмейтін бұл дүниеде қандай жан бар.
Екейдің мұқалмаған қылыш тілі
Армысың, ер Сүйінбай – аға сұңқар
Ел жаңа елу жылда, жүз жыл – қазан,
Қандырар құлақ құрышын – ертеңгі азан
Өлді деп Сарыекемді естіген соң
Барсам деп, күндіз-түні кетті мазам, - деп Майкөт Сүйінбай бастаған салтанаттты топқа өлеңмен амандасады. Бұл кезде ас қамында жүрген Жамбыл алыстан ат арылтып келген Майкөттің алдынан дер кезде шыға алмай қалады. Бұған Майкөт ағалық наз білдіріп, қасына Жамбылды шақырып алдырады. Сол жолы Жамбыл :
Сіз бе еді ақын аға, Майкөт деген,
Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген
Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса,
Именіп өзге ақындар бәйпектеген, - деп жасы үлкен ағаға сәлем бере танысқанда, риза болған Майкөт :
Бәрекелді, Жамбылым,
Сөз жүйесін келтірдің
Аңғарыңды таныдым
Көтеріліп желпіндім
Аталы сөз мәні мол
Жылағымды келтірдің
Тал бойыңда бар екен
Алыс шабар серпінің, - деп оған ыстық ықылас білдіреді. Арысы шығыс, берісі төл тума өнеріміздің кәусәр қойнауынан сусындап, нұрлы бастаулардан нәр алған Майкөт ақын жолы шыдыр, серігі Қыдыр шалқар шабытын серпіп таспап, мейірімі түскен Жамбылға аталық батасын береді. Томағасын сыпырған тау бүркітіндей, бұған қатты толқыған Жамбыл :
Әумин, батаңызға көтердім қол,
Етейін сізге қызмет мен осы жол
Той қылып тобымызда отырыңыз,
Менің де Майкөт аға тілегім сол, - деп қол жаяды.
Сонда Майкөт ақын:
Аман-есен жүрмісің
Шапырашты Екейім
Ауылыңды ду етіп
Ән таратып кетейін
Саудегерден бөз қалар –
Айта жүрер артымда
Сөзімді аяп нетейін, - деп ақ тілегін білдіреді.
"Шәкіртсіз – ұстаз тұл” деген қағида әлдеқашан қанатты сөзге айналып кетті. Майкөттің көп ақынға жолбасшы болып, құтты қадамдарын бақылап, керек кезінде жөн сілтеп отырғаны ешкімге дүдәмал ой туғызбайды. Пырақтары кең құлаштап жайып, жыр көгінде сылана самғаған Жамбылға да Майкөттің аталық батасы, ұстаздық қамқоры, сірә, өміріне өзек болып, талай ой салған болар. Талай текетірестерде тіс қағып қалған Жамбылдың жауабында да інілік ізет, үлкенге деген ізгі ілтипат тұнып тұрғандай. Осы ілтипатты сұлу, сыпайы тілмен ақын былай өрнектейді.
Ассалаумағалейкум, Майкөт аға
Естіп даусыңызды келдім жаңа
Алдынан үлкендердің өтпейін деп,
Аялдап әдеп еттім біраз ғана.
Майкөт ақынды поэзия алыбы Жамбыл және өзгелер тәлімгер тұтса, өзінің бел баласы Арқабай да дастаншылдықпен айналысып, Ұлбике, Қылышбай, Сауытбекпен айтысында бұл қиын өнердің қыр-сырын едәуір меңгеріп, ел арасында атағы кеңінен жайылып қалғаны мәлім. Майкөт Сандыбайұлының тәлімгер ұстаздық қырын мынадан да байқауға болады: Жамбыл "Көрұғлы сұлтанды” Сарыбайдың асы өткен соң, Әулиеатаға арнайы іздеп барып, осы Майкөттен үйренген. Майкөт "Көрұғлыны” қырық күн жырласа, Жамбыл он бес күн жырлаған.
Артына әлі жиналмаған мол мұра қалдырып, өміршең өнерпаздық өмірдің ізін салып кеткен ұстаз Майкөт пен шәкірт Жамбылдың дидарласуы бүгінгі күні қазақ әдебиетінде зерттелмей жатқан тың мәселелердің бірі екенін мойындауымыз керек.
Әдебиет зеттеушісі Әубәкір Диваевтың: "Қаратаудың күллі маржанын алқа етіп тағып алған ақын” деп бағалаған Майкөт Сандыбайұлының мұрасын, оның жыр дүлдүлі Жамбылға ұстаздық жолын зерделеу ғалымдар арасында қолдау табары сөзсіз.
Жамбылдың тектілігі, мәрттігі, кішілігі ел арасында аңыз болып тараған. Жүз жылдық өмірінің сексен бесін өлеңмен өткізген Жамбыл айтысқанда да, арнау жырларында да, дастандарда да осы тұрғыдан айныған емес, сол себепті де ол ел ықыласына бөленді, жаңа заманда жаңаша түрленді. Жамбыл поэзиясының өміршеңдігінің де, ақын есімінің ел жадынан өшпейтіндігінің де сыры осында. Жамбылдың майталман ақын болып қалыптасуы тек Жетісу ақындық мектебінің ауқымында болған жоқ. Ол өзіне дейінгі ертеде өмір сүрген атақты жыраулардың, өзімен қатарлас айтулы ақындар мен жыршылардың мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгерген, өз шығармашылығына да негіз еткен. Жоғарыда айтылғандай, менің осындай көлемді де кемел көште тоқталғаным – Майкөт Сандыбайұлы. Махамбеттен отыздай жас кіші, Абайдан бір мүшелдей үлкен болған, ешқандай ағымға қосылмай, зар заман ақындарының тобын көбейтпей, оңаша күй кешкен Майкөт тұрмысымыздың толымды зерттеуіне татымады. Осынау жыр тарланының Жамбылмен дидарласуы да көптің қалам тарта бермейтін тың тақырыбы. Жамбылды жыр даңғылы десек, оның басқа ақындармен сөз жарыстыруы я қағысу машықтары, я болмаса дидарласа табысқан, танысқан өлеңдері де ел санасынан өшірілмей, қайта дәуір толқынымен жаңа арнаға құйылмағы хақ. Сондықтан "Өлең сөздің пірі - Жамбылдың” көмейінен төгілген ұлы жырдың куәсы болған заңғар жазушы М.Әуезовтің: "Бұл жүз жылдарда бір-ақ көрінетін құбылыс... Гомер деуімізге осы Жәкең ғана сиятын болуы керек”, - деп кесіп айтуы тегін бе? Тегін емес! Жамбыл тектілігінің құпиясын жырларымен, дастандарымен, айтыскерлігімен, ең ақыры, жүз жастың шыңына шықса да, қажымай, алаулай соққан жүрегінің табымен дәлелдеп кетті. Жамбыл бұл фәниден озғанымен, қайталанбас жамбылдығы жұртымен мәңгі жасайды: Ол - өз елінің ар-намысы, үні, жүрегі, қазақ халқының табиғи талантының ақиқат шыңы дегім келеді.

Пайдаланған әдебиеттер:

М.Сандыбайұлы. Жампоз. Алматы. 2004
Н.Төреқұлов. Жүз жасаған бәйтерек. Алматы. 1989
Ж.Жабаев. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы. 1982
Ж.Жабаев творчествосы. Алматы. 1989
Категория: Ж | Добавил: Злой_Админ)) | Теги: Майкөт, ұстазы, Жамбылдың, ақын
Просмотров: 718 | Загрузок: 208 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar