ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ СӨЗ - Абайдың Қара сөздері - Абай Құнанбаев - Әдеби Әлем | Қазақ ақындары және олардың шығармалары - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Статьи » Абай Құнанбаев » Абайдың Қара сөздері

ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ СӨЗ
ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ СӨЗ

Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі - неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі.

Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес.

Адамшылықтың алды - махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.



Категория: Абайдың Қара сөздері | Добавил: Злой_Админ)) (27.12.2012) E
Просмотров: 1500 | Теги: сөз, ҚЫРЫҚ, БЕСІНШІ | Рейтинг: 0.0/0