Айтыс - Сұлтанмахмұттың Поэмалары - Сұлтанмахмұт Торайғыров - Әдеби Әлем | Қазақ ақындары және олардың шығармалары - Қазақстандық оқушыларға тегін рефераттар сайты
MENU
Главная » Статьи » Сұлтанмахмұт Торайғыров » Сұлтанмахмұттың Поэмалары

Айтыс
Айтыс (Қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны)
Қала ақыны:
Сен кімсің семіз, толық тән жағынан?
Өгіздей бар шығарсың әл жағынан.
Көрінген көрнегіңнен, жүрісіңнен,
Топастығың білінген әр жағынан.
Дала ақыны:
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?
Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ержеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.
Сен құсап сармасадай ілбиткен жоқ,
Қаланың көшесінде жоқтық қысып.
Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып.
Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Европаңды тітіреткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, Күншығысқа өмірі жеткен.
Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына,
Талай царь*, талай князь тәжім еткен.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын,
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?
Царь - патша.
Қала ақыны:
Қазақта не бар еді сүйетіндей?
Кетуіне қайғырып күйетіндей?
Сөйлеші, қане маған, не бар еді,
Соншама жүрек сүйіп иетіндей?
Дала ақыны:
Сүйдіріп жүрегімді тартқан менің,
Сарыарқа, Сарыдала туған жерім.
Көк күмбездің астында көк масаты,
Сәулемен алтынданған сары белім.
Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс,
Исі аңқып, бетім сүйген самал желім.
Кіндік болып мал менен жанды өсірген
Жаз жайлау, күзгі күзек, қысқы тебін.
Толтырып жағасына ақ ауылды,
Мың жылқы жүзіп ішкен шалқар көлім.
Құс салып жағалайтын саяттықпен,
Көкшігеш томарларым, өзендерім.
Маңайы малға толып, бие байлап,
Жағалай өзендерді қонған елім.
Ас берген, жерошақ қазған жағасына,
Еске алып опат еткен кемеңгерін.
Таулары, төбелері хан көтерген,
Ту алып, тұлпарды мінген ерін.
Құда түсер тойлары, қыз ойнағы,
Көңілдің тарқататын қайғы, шерін.
II
Ақ орда, ақ бәйбіше, қара саба,
Алдында қымыз толып тұрған шара.
Ертеден кешке дейін мейман күткен,
Алмастан бір тиын да тамашама.
Маңғаз бай дастарқаны көпке жеткен,
Келген кісі үйректей жүзіп кеткен.
Салқын үйде сапыртып сары қымыз,
Бағлан етін шайнатқан зор құрметпен.
Өз үйіне келгендей болатұғын,
Келгендер де дөм айдап қиыр шеттен.
Күнде қонақ келуден тиылмаған,
Дастарқаны бір мезгіл жиылмаған.
Қонақ үшін арналып бір жеке ақ үй,
Қара саба тұрады иындаған.
Ол үйге киіз тосер, кілем жаяр,
Көрпе, жастық бәрі де болған даяр.
Күтіп тұр деп қояды спар жігіт,
Бәрін тегін істейді аллаға аян.
Нашарға көшсе - көлік, қонса - тамақ,
Бәріне де жарқын жүз, түзу қабақ.
Не берсе нашарлығы үшін берер,
«Қызмет қыл» деп отырмас тиын санап.
Қыдырса нашарларын қасына алып,
Бір табақтан ас жейді бірге барып.
Жасы үлкенді сыйлайды төрге отыртып,
Болса да қандай нашар, қандай көріп.
Кедейден де көреді итін жақсы,
Байыса, не ұлық боп сіздің халық.
Қазақ өмірі ғұрпымен бір еншілес,
Екені байқағанға айдан анық.
Нашар да қолқабысын аямайды,
Құр масыл боп жүдетпес ана байды.
Бір жұмысын істесе ақы сұрап,
«Бермесең...» деп артынан таямайды.
Бай оған қарасады өзі біліп,
Жүрсін демес солайша тегін қылып.
Өзі біліп бергені көп пайдалы,
Сондықтан арасынан шықпас бүлік.
Біреуден сүт, біреуден күш табылар,
Тату өмір жасайды ойнап-күліп.
Нашарлар бай малына малын қосып,
Баққызады елде бар сонда жосық.
Ұйытқы болып отырар талай байлар,
Құдайдан бергенінің қайырын тосып.
Кімде-кім дәулет бітіп тұрса байып,
Ғұрыпша нашарына бермей айып.
«Бұл шіркін дәулетінен қайыр көрмес»,
Деп сөз қып жібереді жұртқа жайып.
Болады қазақ малын ортақ деуге,
Бізде жоқ жамбасынан жатып жеу де.
Кедейдің еңбегін жеп миллионер боп,
«Мен сенің құдайың» деп қағып кеуде.
Қылсам да мұны көріп шүкіршілік,
Жүрегім сескенеді нені біліп?
Қорқамын бұл заманы кетер ме деп,
Қаладан қазағыма мінез жұғып.
III
Даламның мен сағынам бек пен ханын,
Ел үшін аямайтын шыбын жанын:
«Қайғысыз ұйқы ұйықтатып,
Қайғырусыз жылқы бақтырып,
Қалыңсыз қатын құштырып,
Алашты «алаш» қылған сабаздарым.
«Топтан торай шалдырмасқа,
Қазақтың бір тайын көпірге алдырмасқа,
Бір түнде тоқсан ойланып,
Тоғыз төңкерілетін...»
Ел қорғаны ерімнің сүйем бәрін.
Даналық ақылына халық тойған,
«Халық ұйғарса о дағы түйе сойған»
Қой асығы демеген қолайына,
Жағып кетсе ел дағы сақа қойған.
IV
Сағынам билерімді кең ақылды,
Арамға жегізбейтін ақ-мақұлды.
Құдай өзін туғызған іштен би ғып,
Білмейтін төре айтқанда жат-жақынды.
Кебеже қарын, кең құрсақ кемеңгерім,
Сатулы емес ақыл жұртқа тегін.
Талапкер мен жауапкер өзі іздеген,
Алдына кеп бітуге сондай ерін.
Болыпты екі жағы бірдей ырза,
Ақылмен ашқаннан соң күмән жерін.
Қағазсыз, полициясыз қимыл қылған,
Сонда да істің бәрі бітіп тынған.
Ердің құны екі ауыз сөзбен бітіп,
Кім оның жарлығынан мойын бұрған.
Тапқыштық, шешендікпен кім алса атақ,
Халық соны кетіпті «би» деп атап.
Шарменен, не үлкеннен бұйрық алып,
Би болатын жоқ онда біздің шатақ.
Қалаңның соты құрсын шүлдірлеген,
Түсіне алмай құлағым дүңгірлеген.
Ақ, қарамды тексеріп білмек тұрсын,
Қазақша жалғыз ауыз тіл білмеген.
Қарғы сап түймелері жарқылдаған,
Тік қарап жан алғыштай алқымдаған.
Түсініксіз бәрі де жат көрініп,
Сөз айта алмай, буыным қалтылдаған.
Сөзімді жеткізуге тақсыр Мекең*,
Бір атты назырқанбай алар ма екен?
Мекапардың сөзінен мені танып,
Билік айтар сотың да сот-ақ екен.
Кісіден зорлық көріп кетсе де ақым,
Сот алдына бармауым менің мақұл.
Өндірем деп Мекеңе жем болғанша,
Қазақ жесін: түбінде қазақ жақын.
Мекең - Мекапар, тілмаш орыс.
Құдайым, Мекапарға жалындырма,
Мекеме есігінде барылдырма.
Қазақ өмірін білмейтін шаштыларға,
Теріс төре айтқызып тарылдырма.
Кәпірдің сақта, құдай қаламынан.
Дала жайын білмейтін, наданынан:
Қазақ ісі қалаңа қараған соң,
Әзірейілдің адал ісі арамынан.
V
Ту алып, тұлпар мінген батырларым,
Жатқа жем қылмау үшін жақындарым.
Әрі би, әрі батыр, аңғал емес,
Күшіне серік қылған ақылдарын.
Білегі жеті шоттан оқ өткізген,
Он жігіт қозғалтпайтын тақымдары.
Оларды ала алмаған ешкім күшпен,
Жолыққан найзасына жүндей ұшқан.
Қару асынып, қан жұтып, қайғы тартып,
Елін талай құтқарған қиын істен.
«Алаштап» ұран шықса, қаны қайнап,
Намыстан тұра алмайтын қойсаң байлап.
Түлкі алатын қырандай түйілгенде,
Жұрт тұрғанда «бере көр, я құдайлап».
Иелерін қалдырып қан майданда,
Талай дұшпан аттары шыққан ойнап.
Сескенуді жүрегі бір білмеген,
Не көрсем елім үшін көрдім деген.
Басшы сондай болған соң әскері де,
«Ердім міне, сүңгідім, өлдім деген».
Зорлап әскер қылмаған ешкімді де,
Бәрі өзі ықтиярша көндім деген.
Жатқа алаштың бермеген жалғыз тайын,
Дос - дұшпанға танытқан алаш жайын.
Досқа сыйлы, дұшпанға қорқынышты,
Болып тұрған бұл алаш күн-күн сайын.
Дұшпаны маңайына бара алмаған,
Бір тайын рұқсатсыз ала алмаған.
Солардай батырлары арқасында,
Бұл күнгідей бірі қор саналмаған.
Батырлар ант бұзбаған, сертте тұрған,
Күндеу жоқ, жолдасы үшін басы құрбан.
Сондықтан қорқып емес, сенгендіктен,
Ел ұстап етегінен басшы қылған.
Ел үшін қартайғанша аттан түспей,
Бір күні бел шешініп тамақ ішпей.
Ел қылған ерлерінен жетім қалып,
Халыққа болды ол дәурен көрген түстей.
VI
Пірді сағынам үйреткен құдай жолын,
Надандарға танытқан оң мен солын.
Байдан алса, нашарға тарататын,
Сағынбасқа бола ма ел қамқорын.
Бай демей, әкім демей көзге айтатын,
Істеген істерінің теріс, оңын.
Ниеті ізгі болған соң ел де құлап,
Ат берген, атан берген, ұстап қолын.
Байларға - пір, кедейге тамақ болған,
Нағыз - ақ пайғамбарға мирасқорым.
Келмесе мәжілісін халық сағынып,
Қуанып, келсе төрден орын берген.
Өмірде мал жимаған өз басына -
Бәрін берген нашарға, жолдасына.
Қайдағы жыртық киім, дорбалыны,
Жиып ап, асыраған өз қасына.
Ешкімнен ешбір нөрсе сұрамаған,
Жұрт өзі әкеп берген ықыласына.
Даламның қандай еді абыздары,
Диуана, ишан, қожа, ғазиздары.
«Құдайға жақын жан» деп ұғылғаннан,
Көп ауруға ем болған лебіздері.
Бақытсыз, кәріптерді жұбататын:
«Бейшара, кезің бар деп таң ататын.
Тым болмаса, жұмақта сайран салып,
Мезгіл бар деп хорлармен бір жататын».
Кім жағы тартса, соған сабыр салған,
Үміт сөйлеп, қуантып көңілін алған.
Жақынымен кімде-кім араздасса,
Табыстырған, әдейі іздеп барған.
Кім нашарды жесе, айтқан: «күйесің» деп:
«Обал, бұған жазықсыз тиесің» деп.
Дұрыс сөзін айтудан қаймықпаған,
Бермей қояр ат пенен түйесін деп.
«Айтқаны келеді» деп халық сенғен,
Халық өзі наныста соған ерген.
Сондықтан батырлар мен хандар дағы,
Қол қусырып, пір қылған, малын берген.
Батыр мен хан қауіпті дұшпандарын.
«Жалаңаш баба» бата берсе жеңген;
Өз жолын жұртқа жайып таратпаққа,
Мешіт сап, медресе ашқан әрбір елден.
Білген ғылымын үйреткен құдай үшін,
Ақы алмаған өмірде еш біреуден.
Ат қойған азан айтып құлағына,
Бата ғып: «Бақыт бер,- деп,- шырағыма».
Зияндастан қылғалы мені қалыс,
Талай тұмар қадаған тымағыма,
Азан сап ертенді-кеш күңіренткен,
Ұйқыдағы адамды тебіренткен;
Ауырсам, қасымда боп ем-дом қылып,
Өлсем жуған, саулатқан «табарактен»,
Осындай ғазиздардың мен аттарын,
Борыштымын атауға зор құрметпен.
VII
Мен айтсам сар даламның емшілерін,
Оларды жаратпаған құдай тегін:
Сондықтан тәуіптікті тұқымына,
Талайға өмір берген қолы жеңіл.
Оқымаған, тоқыған дарып кеткен,
Еш қазақ жамандамас қылған емін.
Себебі: олар емдейді басшы болып,
Өткендердің өмірі бергендерін.
Ел оны сыйламайды тіпті жайға,
Келмейтін болса, егер, ешбір пайда.
Теңей жаздап сойлейтін кейбіреуін,
Ауруды жазуын да бір құдайға.
VIII
Даламның ақындарын айтсам сізге,
Үлгіге сөз патшасын сонан ізде.
Миға тамақ, жүрекке сусын беріп,
Даңқы кеткен ақын көп бұл үш жүзде.
Қазақтың өміріне айна болған,
Өмірге илһәм құйылар жайда болған.
Қалың топта домбыра қолына алса,
Жаратқыштық бір қуат пайда болған;
Айқай сап домбыраны қағып-қағып,
Сонан соң көзді жұмып кеткен ағып.
Сол кезінде көрінер кеткендігі,
Еріксіз бір қуаттың билеп алып.
Сыйқырлар, тыңдаушының еркін алар,
Ақынның жүрегіне түскен жарық.
Қан жылып, жан сүйсініп, жүрек иген,
Бір халде тыңдаушылар болады анық;
Ұмытып бұл дүниені сол минутте,
Иллаһи, бір әлемді кезер барып.
Ешбір жан, ешбір дыбыс шығара алмас,
Жанына жарық түсіп, тіл байланып.
Көңілі ойнап, көзіне жас мөлдірер,
Белгісіз бір ләззетке мейірі қанып.
Жауыз беттен жауыздық жоғалғанын,
Тұрарсың жүздерінен көріп, танып.
Ризалықтың еріксіз тасқыны ұстап,
Ақынға дүниесін берер халық.
Ақын солай халықтың еркін билеп:
Алған соң, еш қаймығып қақпас күйбең.
Жауыздығын бетке айтып ел көзінше,
Жауыздарды өлтірер сөзбен түйреп.
Ол сонда ханды да айтар бұрынғы өткен,
Ерді де айтар халыққа қызмет еткен.
Қайыры мол, қайырымды байды да айтар,
Айдын көлдей жұрт келіп жүзіп кеткен.
Суреттер дала көркін, еркіндігін,
Ішінде өзі бірге есіп жеткен.
Айтады әділдердің жетілгенін,
Залымның қор болғанын қай ретпен.
Сағынысып жолыққан жарды да айтар,
Ай жарықта сүйіскен ақша беттен.
Достықты, опасыздық бәрін айтар,
Өлсе де таймайтұғын айтқан серттен.
Жер қайысқан қол, желекті туларды айтар,
«Алаштап» ұран салып дүсірлеткен...
Ескіден қалған үлгі сөздерді айтар,
Жүректің қанын қозғап тебіренткен.
Қыранды, жорғаны айтар, жүйрікті айтар,
Аузымен құс тістеген, құсқа жеткен.
Жақсы деп білгеніне қызықтырар,
Сол жаққа ақындықтың күшін бұрар.
Әрі ақын, әрі уағызшы пайғамбардай,
Дұрыс, теріс істерді айтып тұрар.
Жауыздықты көре алмас салқын қанмен,
Алла оған солай бол деп қылған пәрман.
Тоқтатуға болмайды бұл мінезін,
Түрмемен, дар ағашпен, ешбір өлмен.
Ақынға сол себептен халық құмар,
Сағынар, келсе екен деп байың тұрар.
Жиылысып, домбыра қолға беріп,
Жабыққан жандарынан азық сұрар.
Ақынның да қызметі тегін жұртқа,
Демейді: «Билеті жоқ, үйден шығар».
Сөздері әркімге де түсінікті,
Бай, жарлы, төре, қара тегіс ұғар.
Жазылмаған, жатқа ұғып ел өлеңін,
Бейне бір кеудесіне қылған тұмар.
Ақынның кітап та - өзі, газет те - өзі,
Пошта да - өзі: таралар айтқан сөзі;
Жазған қағаз кеудесі, қазағымның
Сақталған жоғалса да ерте көзі.
IX
Ислам деп қазағымның айтсам дінін,
Дос тұрсын, дұшпан таппас оның мінін.
Негізі ақылменен сонша үйлесер,
Мін іздеп қозғай алмас ешкім тілін.
Мақсаты: адам ұлын бақты қылмақ,
Дінімнің байқасаңыз ішкі сырын:
Бұйырған пенделерге әділ бол деп,
Әділдік бақыт үшін жалғыз жол деп;
Қажы менен жұманы парыз қылған,
Жиылып бір ынтымақ қылған оң деп.
Зекет бер, нашарларға көзің сал деп,
Ғылымды қайдан болса сонан ал деп.
Ешкімге өзің тиме, біреу тисе,
Өзіңді қорғау үшін қарсы бар деп.
Зекет бер дегеннің білсең мәнін -
Қырық жылда нашарға бер малдың бәрін.
Деген сөз бір есептен ойласаңыз,
Социалист емес пе пайғамбарым.
«Адамға еш нәрсе жоқ тектен тегін,
Орарсың бейнеттеніп ексең егін:
Адам ұлы - патшасы жер жүзінің,
Еңбегің сал, пайдалан, шығар кенін».
Ішті, тысты таза қыл дегені ғой,
Ойласаң дәрет, намаз дегендерін.
Әуелі бір аллаға иманды айтқан,
Сорлысың деп, болмаса бір сенгенін.
Осындай бақыт жолы - дін ислам,
Сұрасаң наныс жақтан сүйенгенім:
«Адам болсаң, басқаға пайдаңды шаш,
Көмілден соңға қалма, ілгері бас;
Жоғарыла құдайлыққа жеткеніңше,
Қартаймайтын, өлмейтін есікті аш!»
X
Сүйемін туған тілді - анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен: «құлыным, жаным» деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
«Апа» деген сүйгендік сөз әм менен.
Қалжақтап, алып қашып құрбы бөркін,
Сол тілменен ойнадым далада еркін.
Сол тілімнен бірінші сыртқа шыққан,
Өмірден ен далада ұққан көркім.
Сол тілменен білгіздім тілегімді,
Бірінші сүйген жарға жүрегімді;
Маған қарай тығылып: «Жаным» деген,
Мойынына апарғанда білегімді...
Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын,
Сол тілменен дінді, әдетті мен жаттадым.
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты;
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным.
Тілімде әдебиет, жаныма азық,
Әм болардай көңілге наныс - қазық.
Терең ойлар, дүниеге қарастар бар.
Кәнекей сынап, байқап тапшы жазық.
Қарашы, міне, қандай пікірлер бар:
Бірінші: «Заманың түлкі болса тазы боп шал»,
Екінші: «Қылышты соғып байқа өз саныңа,
Өз саның ауырмаса, біреуге сал».
Үшінші: «Аспен ат, біреу таспен атса сені»,
Төртінші: «Мың сіз, бізден бір шыж-мыж артық» деді.
Бесінші: «Өз етігің тар болса дүниенің
Кеңдігінен көрмессің дәнеңені».
Алтыншы: «Торғай артық жердегі - қолыңдағы,
Ұшып жүрген тырнадан әуедегі».
Жетінші: «Отқа жақ алтын ерін атқа тисе»,
Сегізінші: «Еңбек қыл да, міндет қыл» деген еді.
Тоғызыншы: «Талаптан, нұр жауады талапты ерге»,
Оныншы: «Көрпеңе шақта аяқты соза берме»,
Он бірінші: «Басқа тұрсын атыңмен астыңцағы,
Қойыныңдағы қатынға сенбе, сенбе».
Күллі дін, бар философ айтқандары,
Осы он бірдің астында түгел бәрі.
Екінші, үшіншіден дәмді сөзді,
Айтқан жоқ енжіл менен құрандағы.
Төртінші, бесіншіде Марксіңнен,
Өмірді ұғынуда кеткен әрі.
Байқасаң қазақтықтың өзінде бар,
Дүниенің генийлігі*, пайғамбары.
Және де ақындықтың бергені бар,
Сусынын қандырғандай адам жаны:
«Ер Тарғын», «Қобыландыны» оқып байқа,
Абайды оқы, таңырқан, басың шайқа.
Гений - кемеңгер.
Ақындықтың қуаты есіңді алып,
Бас алмастан оқырсың қайта-қайта.
Кешегі Бұқар жырау, Жанақ ақын,
Шөже, Орынбай халыққа жайған даңқын.
Ахмет пенен Міржақып әм Мағжан,
Алты алаштың баласы біледі атын.
«Қобыландыда» қазақтың кең заманы,
Жат қорқатын жауынгер ер заманы.
Ен даланың еркесі ен байлықта,
Береке, бірлігі бір тең заманы.
«Кескекті туған аюмын;
Кескілеспей басылман,
Кілегей қара бұлтпын;
Келе бір жаумай басылман.
Тұтамдай сүйегім қалғанша,
Дұшпаным, саған бас ұрман.
Алдыңа келіп тұрмын деп,
Аруағымды қашырман.
Балуан сұлтан, батыр, хан,
Қыларың болса, қылып қал:
Күндердің күні болғанда,
Бас кесермін, жасырман...»
Ер қазақтың кімге болса дер заманы.
* * *
Бұқар тұсы қазақтың бүлінгені,
Күн батыстан суық жау көрінгені.
«Жаяулап келер жұртыңа,
Балды май жағар мұртыңа.
Сұрамай алар жаныңды,
Бауыздамай ішер қаныңды.
Есепке салар малыңды,
Солдат қылар ұлыңнан,
Көрерсің әлі құлыңнан...»
Деп, келместен құты ұшып жеңілгені.
Абай тұсы халықтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны.
Ақ бейіл, бауырмалдың қалпы кетіп,
«Желбуаз», «сұрқия» боп қызынғаны.
Ханнан күш, қарындастан қайырым кеткен,
Көңілден ар әм беттен ұят кеткен.
Ұлтшылдық, намысшылдық қарасы ұшып,
Есі-дерті болған онда шен мен шекпен.
Жол-жоба түзулікке тоқтай қалып,
Кім бір аяқ ас берсе, сол әкеткен.
Партия, жалақорлық, бақ күндестік,
Күннен-күнге күшейіп орын тепкен.
Көбейген терін сатпай телміргендер,
Жан аз боп еңбегімен егін еккен.
Мас болып партияға қызып алған,
Далалық табиғатын бұзып алған.
Не дала, не қаланың қалпында жоқ,
Орталыққа сандалбай болған, қалған.
«Маса» тұсы елдіғін қазақ жойған,
Ұмытқан, елдік деген сөзді қойған.
Мал секілді үрку мен қорқу болған,
Кезінде жат пышағы жанын сойған.
Бәрі де бақырайып кезек күткен,
Артық болмай соғымға сойған қойдан.
Бір-бірін мұқатуға жатқа шапқан,
Кейбірі өсек айтып тамақ тапқан.
Жеріне, елдігіне әм дініне,
Құрылған талай тұзақ, талай қақпан.
Ақылмен ала қойды көбейтуге,
Қойшы боп аю менен қасқыр баққан...
Бостандық дариясы былтыр тасып,
Жұрт кетті ағынға еріп араласып.
Сондай-сондай дәуірді кешіргенін,
Қазаққа әдебиеті берді ашып.
VII
Сүйемін қазағымның әдеттерін:
Жасы үлкенді сыйлайтын әдептерін.
Қалаңдай моды қуып, кербезденбей,
ПІаруа құрып, сыйлайтын қатын ерін.
Қалаңдай еш нәрсесі сатулы емес,
Кәріпке, жолаушыға тамақ тегін.
Ұл мен қыз сыйлап тұрар ата-анасын;
Солардың билігіне беріп басын;
Қалаңдай: «Мен тудыр деп айтқаным жоқ,-
Демейді: - өзім үшін өмір жасым!»
Қалаңдай нөмірлерде дүние шашып,
Ісіп, қызып аяқты шалыс басып;
Жүз кедейдің 10 жылда таппайтынын,
Бір түнде ұстап, бұзықпен құшақтасып.
Жүру жоқ сары даламның әдетінде,
Болу жоқ күнде айырылып, күнде ғашық.
Қыз кезінде бұлғақтар баламын деп,
Онан өтсе, ойлайды анамын деп.
Қанағатшыл, қалаңдай тынышты алмас,
Күнде бір моды киім аламын деп.
Көңілі шаруасы мен баласында,
Бүлінбес ер затына жағамын деп:
Қалаңдай күнде сүйгіш көшпелі емес.
Өлгенше ерден ләззат табамын деп.
Бүлінбес, кімнің ерні қызыл болса,
Баласын тастап, соған барамын деп.
Сөзі шын: «Мен сенікі» десе, ұмытпас,
Көзі шын: «Бір қараса, еш бұрылтпас;
Күлгенін, назданғанын сатулы қып,
Құр масыл қуыршақ боп ерін құртпас.
Қалаңның назданысы, қылмыңдасы,
Бәрі фальшы, ешкімнің ішін жылытпас.
Бет, қасын бояп алып бояуменен,
Қалаңдай дала қызы ақша жұтпас.
«Сол бояған бетімнен сүйе қой» деп,
Жырлап, билеп еркекті алдап ұтпас.
Даламның еш нәрсесі жасама емес,
Ешкім оны бояма және демес.
Бәрі шын, бәрі таза, жаралғанша,
Фалынылықпен ешкімнің жанын жемес.
Даламда бар ұят, құдай деген,
Қалаңдай нанысы жоқ, жолсыз емес.
«Әділдердің көтеретін сыйлары бар,
Жауыздарға бір жаза бар» деп сенем.
Қалаңдай «Жүгенсіз» деп адам мақұлық,
«Закон» демес әлсізді күшті жеген».
Қалаңдай «нәпсі жаудың тілегенін»,
Орындауды еш уақыт бақыт демен.
Қалаңдай жек көрмейді жарлы байды,
Тұрмыс екеуіне бірдей жайлы.
Қалаңдай он кісінің бай болуы,
Он мыңына сор болып табылмайды.
Жүз кісі ғалым болып шығу үшін,
Жүз мың кісі сорлайтын білем жайды.
Байлығын қалаңдағы капиталдай,
Нашарды қолдана алмас басыбайлы.
XII "
Жайлауға май ішінде көшіп барып,
Биені көк шалғынға байлап салып.
Кеңеске амандыққа сапырылысып,
Олай-бұлай серуендеп жүрген халық.
Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс,
Бәрі тоқ, бәрі де шат, жүзі жарық.
Қыбырлар дала жаққа көзін салсаң,
Төрт түліктен жүрместей аяқ алып.
Әр үйде күрп-күрп піскен қара саба,
Дәл түсте тұрғаннан соң ұйқы қанып.
Бір-бірін іле сөйлеп үйдегілер,
Қымыз қолда күліскен қарқ-қарқ.
Бал татыған бағыланның етін шайнар,
Қымызға алғаннан соң әбден қанып:
Көйлекшең ақбоз үйдің арт жағында,
Бай жүрер маң-маң басып маңғазданып.
Малдары күншуақта, көк шалғында,
Ажарланған, тойынған қыдыр дарып.
Әр үйде жайған өре, қайнатқан құрт,
Бай, кедей, қатын-қалаш тегіс қарық.
Қиғаш қас, бидай өңді сұлулар да,
Әр жерден көрініс берер жұрқ-жарқ.
Ақ сәуле әзілдескен құрбысына,
Бұралып жауап айтар бек назданып.
Ән салып бозбалалар гуілдесер,
Жанында қара шақша қағып-қағып.
Кеш мезгіл жылқы жияр текектетіп,
Жылқышы, қойшылар да әнге салып.
Алтыбақан жібіндей ай жарықта,
Сұлулар ән шырқаған іші жанып.
Өткенді, кеткенді айтып ақсақалдар,
Кеңеске тыңдаушылар бәрі жарып;
Иірген қой, суарған жылқыменен,
Кететін кешкі мезгіл жер шаңданып.
Мың «Париж», жүз «Мәскеудің» керегі жоқ,
Басымда тұрар болса осы қалып.
Даламның кеңшілігін, бейқамдығын,
Жаным іздеп, жүрегім сүйеді анық.
Май туа көкорайға қонған елім,
Ақ орда, қара саба, сыртта желім.
Төрт түлік еркіменен тыраңдайтын,
Қойыны кең, көз жетпейтін сары белім.
Ақ ауыл, ауыр қотан, ақтылы қой,
Іздеген салтанатым осы менің.
Кермеде қара жорға күміс тұрман,
Пароход, поезыңа бермен сенің.
Қонақ үй күндіз-түні бірдей келіп,
Күтіліп, кетіп жатқан меймандарым.
Қыран құс, жүйрік тазы босағамда,
Көңілдің тарқатуға әр кірбеңін.
Ақ сәуле күлімдетіп, қарсы қарап,
Назданып тізесіне сүйенгенім.
Солайша төсім қыстау, төбем жайлау,
Қалаңнан керегі жоқ дәнеңенің.
Тыртиған тар киімнің керегі жоқ,
Далам кең, кеңі жақсы етек, жеңнің.
Жасаған боялумен қолдан пішін,
Шыбжықай қалаңдағы әйел құрысын.
Отты жүрек, оларда уәде жоқ,
Қаншама бояғанмен сыртқы түсін.
Даладағы фальшысыз самородтың,
Олармен ауыстырман бір күлісін.
Керегі аз қалаңдағы ғылымдардың,
Момынды жеуге ұстаған ғылым күшін.
Ақ көйлек дала адамы аңқылдаған,
Жүрегінен мейірімі сарқылмаған.
Бас алғыштың түріндей түсі суық,
Төреңнің керегі жоқ жарқылдаған.
Өзімнің жуан қоныш биім жақсы,
Қалай отырып тұрсам да парық қылмаған.
Керегі аз қалаңдағы шөп тамақтың,
Үстелдің, шанышқының, көп табақтың.
Қол басындай ет жейді, шөп сорпа ішіп,
Қалаңның қандай жерін мақтамақпын.
Бұл қала неғып жүрер аштан өлмей,
Сар қымыз, сар қазының жүзін көрмей.
Қысы-жазы жер үйден бір шықпайды,
Әдейі қазып алып кірген көрдей.
Күндіз-түн тар көшенің шаңын жұтып,
Тақтай тесіп шалбардың көті жыртық.
Қалаңның сасығында кім жүреді,
Ұжмақтай кең даланы бір ұмытып.
Даламның қыз ұзатар, қыз ойнағы,
Сауығы, салтанаты ас-тойдағы.
Құдай түсер, бата оқыр, шілдехана,
Қыз, бозбала жиылған маңайдағы.
Сағынтып, көңілімді тартар солар,
Қалаңда жүре алмаймын, жаным тоңар.
Жасама қалаңдағы ойын-күлкі,
Қандай азық алмақшы жүрек сонан.
XIII
Сүйемін кәсібімді малды баққан,
Бұл кәсіп атамыздан майдай жаққан.
Байлар көп қыдыр дарып, мың орнаған,
Жабағыны отын ғып құрт қайнатқан.
Ат басы ешбірінен бұрылмайды,
Келсе де қандай қонақ, қандай жақтан.
Есебі оныкі емес, көптің малы,
Аймағы ішіп жатқан, мініп жатқан.
Ерте-кеш мал ішінде жүретұғын,
Жоқ малын бір аралап білетұғын.
Нашарға беруі бар, алуы жоқ,
Мал бағып, тыныш дәурен сүретұғын.
Маңғаздар уыздары арылмаған,
Кең терілі, еш уақыт тарылмаған.
Мал бағу, қонақ күту - бар жұмысы,
Шен керек деп ешкімғе жалынбаған.
Бар керегін шығарып өз малынан,
Қалаңнан ешбір нәрсе алынбаған.
Көп уақыт байдың ұлы жылқы ішінде,
Өмірі жылқышымен бір пішінде.
Асауларды үйрету, атқа шабу,
Ләззат алған ойын мен күлкісі де.
Майда жал, қаз мойынды алдына айдап,
Үкілеп жүйрік, жорға қойған байлап.
Беденді, әлуетті, жатқан алып,
Қайраты сырттарына шығып жайнап.
Ақ майға тойып алып, омырау ашық,
Бір шекпенмен күзетке кетеді айдап.
Дені сау: ауру құртты беттей алмас.
Күш алған қымыз ішіп, қазы шайнап.
Мың - мыңнан жылқы менен қой өсірген,
Сар далам сайраңдатып ел көшірген.
Кең қолтық, жуан етік мен қазақпын,
Бәрі мол - кең шалқайып, кең көсілген.
Қалаңдай егін салып, жерді қазбан,
Шөп жейсің тамақ қылып сорлы жазған.
Қалаңның кісісінің көбі жүдеу,
Көбі құрт, өлгелі жүр тамақ аздан.
Бір кісіме он кісің күші жетпес,
Қала, сен, сондай жүдеп, сондай азған.
Малымның сүті - тамақ, күші - көлік,
Терісі, жүні - киім, тұрмын көріп.
Тіршілікке керегі осы емес пе,
Басқаға неге шатылам көңіл бөліп?
Егін-сегін, машинаң керегі жоқ,
Бәрінен мал бағудың жемісі көп.
Құдайым мал бағудан айырмасын,
Айрылсам жұрт болмаймын, қалам өліп.
«Мылтығы, машинесі бар екен» деп,
Айырылман қалыбымнан саған көніп.
Қалаңда он кісі бай, он мың кедей,
Соры қайнар, бір тоя тамақ жемей.
Үйсіз, жерсіз жасайды пәтер үйде,
Не дейін қала адамын кедей демей.
Бай қызмет бермеген күн аштан өлер,
Қырыма қоя аласың қайдан теңей.
Қырда кедей байға онша жалынбайды,
Жерсіз, малсыз көп кедей табылмайды.
Аштан өлу, не байға арзан жүру,
Қалаңызша кедейлер тарылмайды.
Қағаз мал болады деуге жетпес миым.
Мал болса, жеке ақшаның өзіменен,
Неге өмірді дүниеде сүру қиын?
Алтын, күміс ішінде бір мал көрмей,
Тұршы, кәне, көрейін, аштан өлмей.
Малымменен рахат өмір сүрем,
Қалаңнан қойсаңдағы тиын бермей.
Саудаңмен, «іштігіңмен» ілдәлдолап,
Күн көрдің біздей момын елді талап,
Кесіпшіл, тыныш, момын, бай елдерге,
Отырсың ауызыңды ашып, көзді қадап.
Жазығы оларда «іштік» жоқ болғандық,
Бара-бар қылмақсың халін қарап.
Сендерде кісі аяйтын жүрек бар ма?
Күлесің жылағанға тамашалап.
Жұқтырдың көп күйеңді қала маған,
Бізді де қойған жоқсың есен-аман.
Құрт аурудай күн сайын ақырындап,
Қылмақсың даланың да халін жаман.
Байқасам біздің дала бара жатыр,
Ай мен күн өткен сайын саған таман.
Қала болып ғылымға жетілгенше,
Көп жақсы дала болып қалсам надан.
Далалық тілегімше еркін жасап,
Мен дағы құтылмайтын көрге барам.
Мұнан артық өмірде ірі мақсат,
Тапқан жоқ қалаңнан да ешбір адам.
Мені өз еркімде қой, қалпымда қой,
Айтатын бар тілегім, қала саған.
Өз сүйген қалпымда қалмақ үшін.
Өз жолыммен ілгері бармақ үшін.
Елді, жерді бір майлы жем қылмауға,
Қалаңның салған жауыз қармағы үшін.
Еркімді, елдігімді жұттырмасқа,
Алашқа автономия алмақ үшін.
Азаматым аямас орны келсе,
Жан қиып, сарп қылуға қуат-күшін.
Қала ақыны:
Сендей ме ел болатын елдің түрі?
Айтасың өтіп кеткен бұрынғыны.
«Ел едім, ел боламын» дей алатын,
Бейшара-ау, не жайың бар осы күні?
Ел болып, ерік алады қандай елдер?
Ол басқа, тіпті басқа, емес сендер.
Сен сияқты «шалшықты кол қылам» деп,
Бейнеттенген ерлерің босқа терлер.
Бірінші ел болуға намыс керек,
Мал-жанды намыс үшін салыс керек.
«Қорланып өмір сүрген тіршіліктен,
Өлгенім артық» деген наныс керек.
Жоқ, сенде мұндай намыс көптен өлген,
Бабаңды тұрғызбасаң қайта көрден.
Қорласа, дүрелесе, басқа тепсе,
«Тақсырдан» басқа сөз жоқ, қазақ көнген.
Қызын бассын, малына құрық салсын,
Қазақ жоқ намыс қылып құрбан берген.
Не қылсаң да көнеді тірі қойсаң,
Бүгін саған разы ертең сойсаң.
Өз басы аман болса, ара түспес,
Маған салса маңайын қырып-жойсақ.
Намыссыз, өлі сүйек, сен қорқақ құл,
Ел болам деп еліріп айтасың құр.
Елдік деп ауызыңда созатындай,
Байқашы, далам, сенде не сиық тұр?
Қайнаған намыс үшін жүрек бар ма?
Бұрқ еткен бір ауыздан тілек бар ма?
Ел болып, еркін жасап кетпек үшін,
Ынтымақ, бірлік деген тірек бар ма?
Екінші бірлік қып бір ауызға қарау керек,
Оның әмірін парыз деп санау керек.
Алаштың барлық күші, барлық малы,
Бір қолдан керегіне тарау керек.
«Бар» десе, от ішіне бару керек,
«Қал» десе, оқ астында қалу керек.
Әркімге қайыршыдай бір қол созбай.
Еркіңді еңбек кылып алу керек.
Тіпті жоқ мұндай бірлік, қайда сенде.
Қарашы, мойын бұрып, қырдағы елге.
Партия, алыс-жұлыс, барымта, ұрлық,
Жеймін деп бірін-бірі түскен терге.
Бір-бірін мұқатпаққа айла тапқан,
Далақтап қала жаққа күнде шапқан.
Жала сап жақынына: «кел, бітір» деп,
Қаламды тыншытпайды қарап жатқан.
Атқамінер бірі мен біреуі қас,
Біріне-бірі сеніп айтпайды рас.
Бірінен-бірі бұрын жағынбаққа,
Қаламның ұлығынан дүние аямас.
Бөркін алып арызы қолдарында,
Күнде келіп ұлыққа қоймай ма бас?
Ақсақалың біріне-бірі көнбей,
Жұмыс бітпес қаладан қалыш көрмей.
Бірлік қып, бір ауызға қарау тұрсын,
Жүрсе сол бірін-бірі күндеп өлмей.
«Қазақты жарытпайды қазақ билеп»,
Есіттім талай қазақ айтты сүй деп.
Билесе; бәрі жабыла билемекші,
Болмаса қалғанының іші күймек.
Жеке-жеке сөйлессең бәрі таза,
Өзі емес анау күншіл, онда жаза.
Ойларсың: «мынау нағыз адам ғой» деп,
Біреуді сөйлегенде мінін қаза.
Көп жұртқа нәлет болар мінезі үшін,
«Көп жауыз, келе ала ма көпке күшім?»
Байқасаң, сол көп жауыздық көбі өзінде,
Сөзімен болса дағы аппақ кісі,
Әркім өзін түземей ел оңбайды,
Біреудің теріс деумен қылған ісін.
Ел оңсын десең, әуелі өзіңді оңда,
Өзіңді біл, озіңе әбден түсін.
Өзіңе-өзің ие бола алмасаң,
Елге қалай келмекші сенің күшің?
Міндетті санау керек әркім өзін,
Басқа жақсы, жаман ба салмай көзін.
Адамзат түзелмей ме өзі істесе,
Басқаға ақыл қылып айтқан сөзін.
Әркім өзін міндетті санамаған,
Бірліксіз, алты бақан өңкей надан.
Үшінші, өнер-білім сенде жоқ, сол елдікті,
Көктен алып бермек пе құдай саған?
Сендерде ғалым бар ма, өнер бар ма?
Әлі күнге өрі істе дейсің «алла»,
«Істің бәрі құдайдан» деген наныс,
Бір қадам бастыра ма сендерді алға?
Басқа ғылым тарауы былай тұрсын,
Бір кісі хат тани ма бір мың жанда?
Айтшы, кім қызықпайды малдануға,
Қарусыз ұстау оңай сендей малға?
Қаруың - қамшы, сойыл, найза, балта -
Пулеметке қарсы тұр, қолыңа ал да.
Кім нені: «қолданамын, малданамын»,
Десе де тырып етпестік сен бір халда.
Біраз жылға айырылып елдігіңнен,
Қалаға сінбекшісің жүріп жалған.
Жер жүзін өлшеп план пішкенге ше,
Кенін қазып, дәм-тұзын ішкенге ше,
Құрғақты темір жолмен орап алып,
Флотпен* мұхиттардан кешкенге ше.
Флот - кеме.
Жалшы ғып электрик буды өзіне,
Аспанда құстай қалқып ұшқанға ше.
Қазақ жүр көк өгізден ет дәметіп,
Сол үшін намаз оқып күнде неше.
Қияметте сойғанда телміртер ғой,
Дүииеде алмаса да бізден есе.
Кектері қазеқеңнің бір қайтпай ма?
Қалаға жалғыз жапырақ бермей жесе.
«Дүниеде көк өгізге нанып па ең» деп,
Айтар ғой «ет асат» деп қала келсе.
Қала адамы сан соғып өкінер ғой,
Қазақты хор қыздары «жаным» десе...
Жүгінген сәлдесі үлкен, шапаны мол,
Ауызын қисаңдатқан таспиқта қол.
«Құран» деп түсінбейтін ән саулатса,
Даланың ұғысынша зор ғалым сол.
Оқымақтан мақсат сол: зекет алса,
Байлар өлсе, қатымға қалмай барса.
Әркім бір хазірет деп қолын ұстап,
Төрге отыртса, астына көрпе салса.
Тірлікте құлшылықтың жөнін біліп,
Өлген соң сексен хордың тәнін жарса.
Ғылымның жеткізгені осы емес пе?
«Ғылым», «ғалым» даланың ұғысынша.-
Осы екені рас қой сен егеспе.
Тіпті азғана қаламнан оқығаның,
«Білед» деуге болмайды оның бәрін.
Тік бақай, көбі ел жегіш бұзылғандар,
Болмаса бірен-саран, бірлі-жарым.
Шашты қайырып, шүлдірлеп, төресініп,
Мақтануға оқыған, бізге мәлім.
«Читаю, писаюды»* білгендердің,
Қазаққа көріп жүрмін не қылғанын.
* «Читаю, писаю» - М. Дулатовтың фельетоны. «Қазақ» газетінде басылған.
Қырдағы тоң мойыннан олар надан.
Қырдағы мойнына алар білмейтінін,
Оларша жоқ өзіндей білгіш адам.
Жақын тартып қасына қазақ барса,
«Басындың» деп болады бұлан-талан.
Болса дағы қолынан түк іс келмес,
Ешқандай «төреліктен» отказ бермес.
«Пәлен сондай орында» дегенге мөз,
Бұл мінін кім көрсе оған дос боп ермес.
Әлгіде бір газетті оқып алып,
Мінбеге білгішсініп шығар барып.
Балаша жаттап алған шатпырағын,
Жұрт тұрсын, түсінбейді өзі де анық.
Мақсаты емес оның түсіндіру,
Тек: «пәленше сөйледі» десін халық.
Мақсаты: елді жемек, төресінбек,
«Елге қызмет қылам» деп жайып дәріп.
Басында еліксе де қолын сілтер,
Біраздан соң қазақ та құлқын танып.
Қаланың ұлығынан орын сұрар,
«Оңбайды» деп қазаққа ызаланып.
Сейлесіп орыстармен жып-жып етсе,
Прошение жазуға күші жетсе.
Қазақтар босағада тұрғанында,
Ол анау төре отырған үйге кетсе,
Өштескен қазақтарын рет тауып,
Орысқа бір-екі рет тепкілетсе.
Далаңша: өнерлі жоқ сонан асқан,
Ол - білгіш, ол - жетілген, ол - данышпан.
Сол төрдегі қазақты ел болады деп,
Қалайынша ойлайсың, миы қашқан?
Ісің жоқ ел болуға лайықты,
Күнә өзіңде, мұныңа кім айыпты.
Оңай олжа болмайтын бір сиқың жоқ,
Байқайтын болса егер бір байыпты.
Лайық ел болуға ісің бар ма?
Намыс, ғылым, ынтымақ, күшің бар ма?
Пушкасы*, пулеметі, улы газы,
Қолында даяр тұрған кісің бар ма?
Бар күшті жалғыз күнде жиятұғын,
Шырмалған темір жолмен ішің бар ма?
Қызығып, көз алартып қараушыға,
От шашып, найза ұсынған түсің бар ма?
Көкпеңбек қару киіп, қарсы ұмтылып,
«Алаш» деп киіп-жарған пішін бар ма?
Болса, саған кім төрден орын бермес,
Кім саған күле қарап, жылы келмес.
Болмаса табынғаның, жалынғаның,
Ешкімнен рахым көріп құлаққа енбес.
«Елемесек, бір зиян келер» десе,
Сонда сені көреді елдер теңдес.
«Сен залым, сен зорлықшыл» дегенменен,
Қарусыз қарасөзден дәнеме өнбес.
Құдай аққа жақ болған замана жоқ,
Күш жеңеді, нақақтық, тіпті жеңбес.
Дүниеге «нақақпын» деп қолың жайсаң,
Күштіге ерер, елсізге ешкім ермес.
Өмірде күшті өлсізді жемей тұрмас,
«Құдай маған бұйырған» демей тұрмас.
Жеуі қиын болғанда әділсінер,
Бұл - өмірдің законы мойын бұрмас.
Малды жейміз: жазығы - жеңіледі,
Жеңілетіндер малменен бәрі бір бәс.
Сондықтан айту бекер «жерім бар» деп,
«Байлығым бар, жерге ие елім бар» деп.
Бәрі де күштінікі, тістінікі,
Сен тұрсың: «керек күні келіп ал» деп.
Көбі жоқ, бәрі дағы жоғалмақшы,
Далаңның қызықтары айтқан дәмдеп.
Пушкасы - зеңбірегі.
«Мен қазақ, қазақтыққа мақтанам» деп,
Не қалды мақтанғандай сонша сәндеп?
Бұл күнде далаң ауру ем іздемей,
Баяғы сау заманын жатыр әндеп.
Далаңда мақтар нәрсең аз қалғанын,
Бір-бірлеп түсірейін саған дәлдеп.
Біріншіге жауап
Жерің жоқ сонша сәндеп мақтайтұғын,
Дені қырат - соқа, шот батпайтұғын.
Арқаңда сар топырақ, жемсіз жер көп,
Егін мен көгеруді ұнатпайтын.
Суы қашық, шөл жерлер тағы аз емес,
Бір атқа бір жұтым су таппайтұғын.
Қары бар, бораны бар, аязы бар,
Жарты жыл тұтасымен қаптайтұғын.
Қасқыры, сүргіні бар, мый-соры бар,
Қауіпсіз малың аман жатпайтұғын.
Өзен аз Сарыарқаңда кесіп аққан,
Еліңді жер жүзімен жақындатқан.
Қақ жарған, не айналған дария жоқ,
Пароход күнде келіп, кетіп жатқан.
Ніл дариясы суарған жылда тасып,
Тасқынымен халыққа болып нәсіп.
Жерің бар ма егінді үш оратын,
Жылында үш қайтара ұрық шашып?
Тауың бар ма Оралдай алтынға бай,
Қанша жұрт кенін қазып қылған кәсіп?
Кавказдай бұлақ болып нефть* аққан,
Тұратын басқа жерден байлығы асып?
Ылғи жаз, қыс дегені - қоңыр салқын,
Қар түсіп кейітпейтін тұрған халқын.
Нефть - мұнай (жер майы).
Жерің жоқ күн сәулеге дәл қарайтын,
Орталық экваторға тұрған жақын.
Кедей боп құруыңа елден ерек,
Түбінде, мен айтайын жерің себеп.
Ағашты, шымды жер аз Сарыарқаңда,
Оның өзін жат елдер алса керек.
Дәлел жоқ жеріңді онша мақтайтұғын,
Әлде оның кеңдігі ме мақтайтының?
Ендеше ұқтырайын Сарыарқаның,
Кең болып, ел көшіріп жатпайтынын:
Адам өспек, мал өспек жыл-жыл сайын,
Сондықтан жер тараймақ, бізге дайын.
Жан мен мал өскендіктен жер тарайып,
Жұрт жиылып, кетірер далаң жайын.
Жер іздер; жерге сыймай, өскен елдер,
Оларға сыйғаныңша далаң «кел» дер.
«Кел» дегені емес пе қорқар жан жоқ,
Қарсыласпай қашатын аңдар сендер.
Далаңа да таршылық қазір жетер,
Шойын жол Сарыарқаны шырмап өтер.
Ақырып жалмауыздың жалғыз көзі,
Қыстау мен жайлауыңда түтіндетер.
Сол түтін өртенгені Сар Даланың,
Байлығың, жақсы жерің қолдан кетер.
Жұмысқа көндікпеген коп надандық,
Қалаға малайлыққа тентіретер.
Далада қазақ малы жүрген аңдай,
Өседі еңбек дерлік еңбек алмай.
Сондықтан бір қыс қатаң бола қалса,
Арналған қырылуға бірі қалмай.
Қар қалың, не мұз, яки боран болса,
Жерден көк тістей алмай малдар тоңса.
Не дерт келсе, қайтермін деп сақтанып,
Жұтай ма еңбегінен егін орса.
Бәрі де құдайдан деп ерегісер,
Бола ма надандықтан десең сонша.
Бар істі бір құдайға тапсырғанда,
Бар айыбын арта сап асқынғанда.
Партияға шашылып қазақ малы,
Бейнетті аз көрмейді қасқырдан да.
Категория: Сұлтанмахмұттың Поэмалары | Добавил: Нуралиева (13.12.2012)
Просмотров: 1416 | Теги: поэмасы, Торайғыров, поэма, айтыс | Рейтинг: 0.0/0